Іле Алатау Ұлттық табиғи бақтағы өрттің аумағы 7 гектарға жетті
Іле Алатауы мемлекеттік Ұлттық табиғи бағындағы өртті Алматының жедел қызметі әлі ауыздықтай алмай отыр. Еске сала кетейік, жұма күні басталған өрттің салдарынан бір адам қаза тапқан еді. Ал өрттің шығу себебі әлі белгісіз болып отыр. Дәл осы сәтке дейін тілсіз жау тағы бір гектар жерге жайылып үлгерді. Өрттің жалпы аумағы 7 гектарға жетсе, соның екі гектары орманды алқап, ал бесеуі – құрғақ шөп пен бұталар. «ҚазӘуеОрманҚорғау» мекемесі мамандарының айтуынша, өрт баяу және тым биік тау шатқалдарымен жылжып келеді. Мұнда шөптің құрғақтығы өртті жеделдетуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің айтуынша, жалпы өртті сөндіруге 65 адам және Алматы мен Алматы облысының 8 техникасы, сондай-ақ 4 тікұшақ жұмылдырылған.
22.10.2013 ж.