Іле өзенінің бойында қысқы авиарейдтер жүргізілуде
Алматы облысының Балқаш ауданы табиғатының әр алуандығымен әйгілі. Іленің төменгі ағысының көптеген сағалары бар. Олар көптеген майда көлдерді құрайды. Айнала қалың тұман, мұз жұқа болғандықтан, осындай көлшіктердің кейбіреуіне жаяу жету мүмкін емес. Жағасындағы қамыста қабан мен елік, қоян секілді жабайы аңдар көп. Қызыл кітапқа енген қарақұйрық та бар. Жыртқыштардан қасқыр, шиебөрі мен қамысты мекен ететін жабайы мысықтар да кездеседі. Желтоқсанда әсіресе мереке күндері аңшы біткен осы аймаққа ағылады.
Леонид Сидоренко, Алматы облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
-Осы жылы инспекция 200 заң бұзушылықты анықтады. Әдетте лицензиясыз аңға шыққандар, көп атып қойғандар, тиым салынған аңды атқандар қолға түседі. Кейде автокөлікпен фарларын жағып алып, қарақұйрық пен қоян атуға шығатындар бар.
Алматы облысында өрт қаупі қараша айында басылады. Алайда «Қазавиаорманкүзеті» қыс айларында да әуеден бақылауды бәсеңдетпейді. Мұндай рейдке аумақтық инспекциялар мен ұлттық парктің қызметкерлері де қатысады. Балқаш ауданында ондаған шақырымды алып жатқан сексеуіл орманы бар. Қазақстанда сексеуілді шабуға тиым салынған. Бірақ заңды бұзатындар да жоқ емес.
Жанат Мамбаев, «Қазавиаорманкүзеті» Алматы бөлімінің басшысы:
-Жыл санап біз осындай біріккен барлауды күшейтіп келеміз. Адамдар сексеуілдің аспанда ұшақ және тік ұшақтармен, жерде автокөліктермен күзетілетінін біледі. Сондықтан бұған сақтықпен қарайды, жиі заң бұза бермейді.
Қаңтар және ақпан айларында аяз бен қарға байланысты авиарейдтердің саны біршама азаяды. Қыс аяқталып, көктем шығысымен өрттің қаупі күшейген кезде жұмыс қыза түседі.