ИНСПЕКТОРЛАР ӘУЕДЕН БАҚЫЛАУ ЖҮРГІЗДІ


«Қазәуеорманқорғау» РМҚК-ның аға-ұшқыш бақылаушысы Талғат Алиевтің айтуынша, әуе бақылауының жүргізілуі браконьерлердің заңсыз іс-қимылдарына біршама тосқауыл жасайды.
Кезекті әуе рейді барысында бірқатар заңсыздықтар әшкереленді. Қалың қамыс пен арнасы қысқа көлдердің арасында жол талғамайтын көліктерімен жайғасқан браконерльердің біразы ұсталды. Ең өкінішістісі, тікұшақты көре сала, қаруларын тығып, балықтарды суға жіберіп үлгергендері де бар. Бірақ, кәсіби инспекторлар қалың қамыстың өзінен қаруды да, тыққан балықты да тауып алды. Соңынан, ұсталған азаматтарға хаттама толтырылып, айыппұл жазылды.


Әлімжан МҰСАЕВ, Төменгі Іле инспекциясының бас маманы:
-Іле өзенінің арнасынан балықшыларды көрдік. Тексеру барысында 5 қармағы бар, балық аулайтын рұқсат қағаздары жоқ азаматты, әкімшілік кодекстің 386-бабының 1 тармағымен хаттамаға толтырдық. Енді бұл кісі жауапқа тартылады. Айыппұл көлемі- 12025 теңге болады. Бұл айыппұлды жеті күн ішінде төлемесе, 24050 теңге төлеуіне тура келеді. Негізі қала тұрғындары заңды жақсы біледі және заңды бұзады. Ондай жағдайлардың барлығына біз тиісті жаза қолданамыз.

-Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, облыстық аумақтық инспекциялар, «Қазәуеорманқорғау» және «Охотзоопром» мекемелері жыл бойы еліміздің орман қорын, жануарлар дүниесін, сонымен қатар су айдындарында балықтарды заңсыз браконьерлерден қорғау бойынша рейдтік жұмыстар жүргізеді.
2018 жылдың 31 қыркүйегіне дейінгі дерек бойынша, биылдың өзінде 7428 рейдік жұмыс өткізілді. Ал 6736 табиғат заңнамасын бұзушылық анықталып, 5855 адам әкімшілік жазаға тартылды. Табиғат заңнамасын бұзған шығын көлемі — 80 млн. 900 мың теңге құрайды. Бүгінгі күнге дейін 68 млн. теңге мемлекет қазынасына игерілді.


Еліміздің аудандары өте үлкен. Сондықтан мамандар саны жеткіліксіз. Мысалы, кейбір инспекторлардың бақылауына 100, тіпті 500 гектар жер беріледі. Оның барлығын бір күнде бақылау, тексеру мүмкін емес. Соған қарамастан, мамандарымыз табиғат байлықтарын қорғау жұмыстарын тиянақты түрде жүргізуде.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, «Қазақ газеттері» ЖШС