Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қоршаған ортаны қорғау министрін қабылдады
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровты қабылдады. Нұрлан Қаппаров Елбасына министрліктің 2013 жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлар жайында баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев ведомство басшысына министрліктің су ресурстары, аңшылық және орман шаруашылығы, сондай-ақ балық шаруашылығы комитеттерімен толығуына байланысты жаңа өкілеттіктерді айқындаудың маңыздылығын атап өтті. Бұған қоса Президент су ресурстарын басқару және трансұлттық өзендер бойынша халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінен білікті мамандар даярлау қажеттігіне баса назар аударды. Әрі әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға қажетті жүйелі қадамдарды анықтау жайында тапсырмалар жүктеді.