Заңсыз аң аулағандар жауапкершілікке тартылады
Алматы облысында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркі жұмысшылары, Алматы облыстық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарымен бірлескен авиабақылау жұмыстары жалғасып жатыр, -деп хабарлайды «Айқын.кз» тілшісі.
Кезекті әуе бақылау шарасы Іле Алатауынан бастап, Күнгей Алатауына дейінгі аумақты қамтыды. «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның аға-ұшқыш бақылаушысы Талғат Аливтің айтуынша, бүгінгі шара, заңсыз аң аулауға шыққан браконьерлерді табу, анықтау және аң аулаудың алдын-алу мақсатында жүргізілген.
Тікұшақ көмегімен орындалған шара Талғар, Түрген, Асы, Саты, Көлсай, Құрметі елді-мекендерінің үстінен бақыланды. Шара барысында, аңшылардың іздері табылмады. Әуе бақылауында, Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында тұрғызылып жатқан киіз үй тексерушілердің назарына іліккенімен, олардың тау-шаңғы курорты аймағын жобалаушылар екендігі белгілі болды.
Сол сияқты, Саты ауылының жоғары жағындағы жайлауда тұрған көлік иелерін тексергенімен, олардың тек ауыл маңынан ұзап кеткен қойларын іздеп шыққан жергілікті тұрғындар екені анықталды. Жұмыс күнінің қорытындысы бойынша, таулы аймақтан ешқандай заңбұзушылық деректері анықталмады.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, суреттерді түсірген автор.
Алматы облысы