ӨЗ БАЙЛЫҒЫН ӨЗІ ТОНАҒАНДАР

 

Сексеуіл-құмды шөлдің қорғаны.  Сондықтан табиғат жанашырлары оның жойылып кетпеуінің алдын-алу шараларын үнемі қадағалайды. Жуырда ғана Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, «Қазәуеорманқорғау» мекемесі және аумақтық инспекция мамандары мен табиғатты қорғау полициясының бірлесіп қатысуымен Жамбыл облысындағы, Мойынқұм ауданына әуе рейдін жүргізіп қайтты.

Еліміздің 48 пайызын алып жатқан сексеуіл орманын сақтап қалу аса маңызды. Әлі күнге дейін сексеуілге деген сұраныс жоғары болғандықтан, сұғанақ қолдардан сақтап қалу, бақылауды күшейтуді талап етеді.

Боралдай қаласынан ұшып шыққан  МИ-171 тікұшағы, екі сағаттан соң Мойынқұм ауданының орталығына қонды. Орталықтан жергілікті табиғат полициясы мен аумақтық инспекция мамандары қосылып, сексеуіл ормандарын жоғарыдан бірге бақылады.

Мойынқұм ауданынан бірнеше шақырым қашықтықта «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің ұшқыш бақылаушысы сексеуіл тиеп, алып бара жатқан жүк көлігін байқады. Тікұшақ бір айналым жасап, қайта жеткенше, жүк көлігіндегілер сексеуілді тастап үлгерген. Екінші айналымда, жүк көлігін тоқтатуға жерден жергілікті инспекция өкілдері мен әуеден «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің тікұшағы қайтадан тоқтатуға шықты.

Әуе кемесімен жарыса қашқан олардың әрекеті, бірнеше сағатқа созылды. Соңында жүк көлігін тастай салған екі азамат жиделі тоғайға қаша жөнелді.

Бірлескен әуе бақылауына шыққан Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы Леонид Сидоренко мұндай қашу мен із суытып кету тек жергілікті тұрғындардан ғана емес, сол орман шарушалығының қызметкерлерінен, әрі басшылығынан да шығатындығын ашық айтты. Өйткені, олар бақылаудың қалай өтетіндігін, қалай алдаусыратудың тәсілдерін бес саусақтай біледі.

Көз қысты, бармақ бастымен, орман байлығын тонап жатқандардың қолын заң ғана тоқтатуы керек. Сондықтан, кім-кіммен сыбайлас, кім-кіммен саудалас болғанын білу үшін, сексеуіл орманында тәртіпті күшейткен жөн. Сонда ғана, заңбұзушылардың алды кесіліп, табиғат байлығына қауіп төнбейді. Ол үшін аймақтық инспекция мен табиғат полициясына да бақылау болғаны жөн. Бұл туралы бізге орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтып берді.

Ал, Алматы облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы Жалғасбай Омаров: «Олардың тастай салған жүк көліктерінен сексеуіл орманы шаруашылығының картасы табылды. Онда берілген кварталдар көрсетілген. Мүмкін, орман шаруашылығының жұмысшы болды ма, әлде басқа ма, білмедім. Мұндай қашу деген сирек болатын жағдай. Көліктен табылған айғақты заттар мен ұялы байланыс телефон арқылы оларды табу қиын бола қоймас. Мойынқұм өңірінде осындай деректер көп екен. Бүгін соған көзіміз жетіп отыр»,-дейді. Жалғасбай Омаровтың айтуынша, тікұшақ бақылауынан қашқан жүк көлігінде шамамен 9 кубтық сексеуіл болған. Ал сол күні Мойынқұм аудандық Ішкі істер бөлімінде қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер анықталған.

Сексеуіл ағашының қалыпты өсуі үшін 35-50 жыл қажет. Сондықтан, оны кесу мен саудалау, барып тұрған қылмыс. Өз байлығын өзі тонайтын жергілікті тұрғындардың әрекеті қай жағынан алғанда да, жөнсіз, әрі заңсыз. Сондықтан, бақылауды күшейту уақыт күттірмейтін мәселе.

Шу өзені бойындағы Жусандала мен Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалысында да заңсыз жүргендердің қарасы көп. Әуе бақылауының екінші күнінде, аталған аумақта бірнше заңсыздықтар анықталды. Аңдасай қаумалысында заңсыз мылтықпен жүру, балық ауларының болуы және рұқсат қағаздарының болмауы бойынша бірқатар азаматтарға әкімшілік айыппұлдар толтырылды.

-Шу өзенінің бойындағы табиғи аумақта ұсталған азаматтарға әкімшілік кодекстің 383-бабының 3-тармағымен айыпұл жазылды. Айыппұлды сот шешеді. Егер заңсыз аң аулаушылардың іс-әрекеті дәлелденсе, сот шешімі бойынша оларға 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін,-дейді Оңтүстік Балқаш аумақтық инспекциясының басшысы Бақтыбай Төлеубаев.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

«Қазақ газеттері» ЖШС

Жамбыл облысы
http://kazgazeta.kz/?p=75610

Популярные новости


г.Алматы, ул. Керей-Жанибек хандар 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45, e-mail: info@aviales.kz
Наверх