Іле Алатауы ұлттық табиғи паркіндегі өрт өшпей жатыр
26 қыркүйекте басталған өртке дер кезінде өрт сөндірушілер жеткенімен, жалын ошағын ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Ал кешегі Алматы облысындағы жел мен шаңды дауыл өрт аумағын тағы бір мәрте ушықтырған. Шаңды дауылдың кесірінен су шашуға ұшқалы отырған тікұшақ ұшырылымы тоқтатылған. Салдарынан қарағай мен шыршалардың біраз бөлігі жанып кеткен. Ал сол маңда кезекшілік етіп жатқан өрт сөндірушілер жалынмен ауа-райының қолайсыздығына қарамай арпалысқан.
Өрттің үшінші күні таңғы уақытта «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің Ми-8 тікұшағы су төгетін құрылғысымен апат ошағы аттанды. Тікұшақтың көмегімен өрт ошағына 13 рет су төгетін құрылғымен су себілді. Қазіргі уақытта өрттің алаңы-5 гектарды құрайды.
Өрт сөндіруге Алматы облысы Қарасай ауданы Төтенше жағдайлар департаменті, Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі және «Қазавиаорманқорғау» РМҚК құрылымы жұмылдырылған. Қазіргі таңда өрт әлі өшпеді, адамдар жұмыс істеуін жалғастыруда.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматы облысында жауын-шашынның болмауына байланысты өрттің ең жоғарғы бесінші класы сақталып отыр. Далалы аймақтан бастап, таулы аудандардың барлығында жер құрғап, шөп кеуіп кеткен. Сондықтан, далалық және орманды алқаптарда орман өрті жиілеп кетті.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Cуреттерді түсірген автор
https://kazgazeta.kz/news/117482