ІЛЕ МЕН ҚАРАТАЛ ӨЗЕНДЕРІНІҢ БОЙЫНДА ӨРТ ҚАУІПІ САҚТАЛУДА
Алматы облысының далалық аймағындағы орман қорларында өрт қауіпінің жоғарғы сыныбы сақталуда. Әсіресе, Іле мен Қаратал өзендерінің бойында қауіп жоғары. Сондықтан, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК Алматы авиабөлімшесінің бақылаушы-ұшқыштары күні бойы әуеден бақылау жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы kazgazeta.kz тілшісі хабарлайды.
Орман өртін авиация күшімен бақылау жұмысына біз де қатысып қайттық. Байсерке аэродромынан ұшып шыққан Ан-2 ұшағы төменгі Іле мен Қаратал өзендерін бойлап, Балқаш көлі жағалауына дейінгі аралықта ұшып өтті. Жұмыс орман өрті ошақтарын дер кезінде анықтап, жергілікті орманшылықтарға ақпарат беру. Бұл орман өртінің тез арада ауыздықталуына, таралып кетпеуіне және жергілікті аймаққа қауіп төндірмеуіне себеп болады. Осы салада ұзақ жылдардан бері кәсіби жұмыс жүргізіп келе жатқан бақылаушы-ұшқыш Якупжан Ибрагимов бізге сапар барысындағы бақылаған аймақтарын айтып берді.
Якупжан ИБРАГИМОВ, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК Алматы авиабөлімшесінің бақылау-ұшқышы:
- Бір тәулікте екі бағытқа бақылау сапарын орындадық. Біріншісі, Қаскелең-Күрті-Бақанас, екіншісі Қаратал өзенінің бойы, Үштөбе және Бүрлітөбе орман шаруашылықтарының авиациямен қорғалатын орман қорларының аумақтарын айналып шықтық. Бүгінгі ұшқан сағатымыз - 8 сағат 55 минутты қамтыды. Барлық арақашықтықты есептесек - 1700 шақырым аумақты айналып шықтық.
Төменгі Іле мен Қаратал өзені бойында өрт қауіпсіздігі-5 сыныпты көрсетіп тұр. Бұл аумақта биылдыққа жауын-шашынның көлемі аз. Қазіргі уақытта, негізі әуеден қорғалып жатқан аумақтар осы төменгі Іле мен Қаратал өзендерінің бойлары.
Таулы аймақтарға биыл жауын-шашын көп мөлшерде жаууда. Қазіргі кезде өрт қауіпсіздігі сыныбы төмен. Көк шөптің көтерілуіне байланысты, қауіпсіз саналып отыр.
24 наурыздан бастап Алматы облысында өрт қауіпсіздігі кезеңі басталды. Осы уақытқа дейін авиациямен қорғалатын аумақта 11 өрт тіркелді. Оның басым көпшілігі наурыз-сәуір айларында анықталған. Біз орман өртінің алдын алу және онымен күресуге толық құрамда дайынбыз. Бүгінгі күнде екі бағытта ұшып өттік, өрт анықталған жоқ.
Сондай-ақ, сала мамандары өрт қаусіпіздігін ескертеді.
Өрт қауіпті маусымда орманда тыйым салынады:
- Орман күзеті көрсетілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде от жағуға; Бөтелкелерді, шыны сынықтарды және басқа қоқыстарды қалдыру;
- Темекіні, жанып жанып жатқан сіріңкені тастауға;
- Техникамен ұшқын өшіргішсіз орманға бару.
Досжан Балабекұлы
https://kazgazeta.kz/news/126280