АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТАУЛАРЫНДА ӨРТ ҚАУПІ САҚТАЛУДА
Алматы облысының орманды тау белдеуінде өрт қаупінің 4 сыныбы тіркелді. Бұл «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің бақылау-ұшқыштары үшін аса жауапты кезең. Сондықтан таңнан-кешке дейін әуеден бақылау жұмыстарын орындалады. Таулы аймақтағы әуе бақылау жұмыстарының кезекті сапарына kazgazeta.kz тілшісі де қатысып қайтқан еді.
Байсеркедегі аэродромда «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімшесінің қызметкерлері Алматы облысының далалы және таулы аймақтарына әуе бақылауы жұмыстарын орындайды. Сондықтан осы жерге келіп Ан-2 ұшағымен әуеге көтерілдік. Ұшу бағыты Іле Алатауы, Күнгей Алатауы, Кетпен (Ұзынқара) жотасы, Шарын-Іле өзені алқабын қамтиды. Аумақтың көлемі өте үлкен. Сондықтан әр аумақтың жеке орман қорғау мекемелері бар. Өзінің бақылау-ұшқыш қызметінің ең алғашқы жеке күнін орындауға шыққан Акрам Хамраев жердегі орманшылықтармен байланысқа шығып, уақытында хабарламалар жасап отырды. Акрамның бұл бақылау-ұшқышы қызметіндегі бірінші күні болғанымен, бұған дейін аталған мекемеде түрлі қызметтерді атқарған кәсіби маман. Сондықтан, бұл әуе бақылауы жұмыстары оған аса қиындық туғызбады.
Акрам Хамраев,
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімшесінің бақылау-ұшқышы:
-Таулы орман алқабын әуеден қорғау жұмыстары өрті қаупінің сыныбы жоғарылағанда орындалады. Дегенмен, ұшуға ауа-райы, атап айтқанда желдің екпіні, бұлттану, боран және шаңның пайда болуы кедергі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ұшу жүргізілмейді. Мәселен бүгін таңертең ауа райы әуеден орман қорын бақылауға қолайлы болды.
Түске таман қатты бұлттанып, тауда көріну деңгейі нашарлай бастады. Ең бастысы, шолып шығу аумағы тыныш, әрі сәтті өтті. Таулы жерде біз теңіз деңгейінен 2500-2700 м биіктікте ұштық. Біздің тауларда найзағай әсерінен тауда өрт шығу жағдайы сирек. Мұндай жағдай әсіресе еліміздің шығыс аймақтардағы тау жоталарында жиі кездеседі. Алматы тауларындағы өрттің шығуының ең басты жағдайы-адамдардың өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауы жағдайынан орын алады. Сондықтан, орманды жерлер өрт-техникалық ережелерін толық сақтауды талап етеді.
Сондай-ақ, сала мамандары өрт қаусіпіздігін ескертеді.
Өрт қауіпті маусымда орманда тыйым салынады:
- Орман күзеті көрсетілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде от жағуға;
- Бөтелкелерді, шыны сынықтарды және басқа қоқыстарды қалдыру;
- Темекіні, жанып жанып жатқан сіріңкені тастауға;
- Техникамен ұшқын өшіргішсіз орманға бару.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
https://kazgazeta.kz/news/126703