Табиғат байлығы - Халық байлығы

Кім болса да өзінің кіндік қаны тамған жері, туған өлкесі, оның табиғат таңғажайыптары, ерекше таулары мен орман-тоғайларымен мақтанатыны рас. Ол - жазылмған заңдылық.Өйткені жер бетіндегі ең сұлу, ең әдемі жер - кез келген адам үшін туған жері. Сол туған жерінің табиғат байлығы. Табиғаттың сыйға тартқан байлығын, тау-тасын, өзен-көлін ата-бабаларымыз қорғаштап, күтіп-баптап жүріп бізге жеткізді. Біз өз кезегінде ұрпағымызға бүлінбеген  қалпында аманаттауымыз керек. Оны сол қалпында сақтап, тауыспай, керісінше көбейтіп, жақсартып,жасартып, сәндей түсу борыш деп саналса дұрыс болар еді. Табиғатты аялайық оны қорғайық деп дабыраны көп жасағанымызбен, шынайы іске келгенде тоқырайтын да сәттер болатындығы бүгінгі күннің шындығы.

 

Аудандық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, мемлекеттік орман қоры аумағына үстіміздегі жылдың бүгінгі күніне 70 рет рейд жүргізіліп, оның нәтижесінде табиғат қорғау  заңдылықтары бұзылған 20 жағдай анықталған. Оның ішінде 16 адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық істер Кодексіне сай «Ағаштар мен өскіндерді заңсыз кесіп, жойғаны және зиян келтіргені» үшін айыпты деп саналып, жауапкершілікке тартылған. Сараптама көрсеткендей бүл азаматтар мемлекеттік орман қорына 1 724 006 теңге көлемінде залал келтірген. Бұл залалдың орны толтырылды. Осы жерде қосымша айта кететін жайт, аталмыш Кодекске өзгерістер енгізілгеніне байланысты жыл басынан бері заңсыздыққа жол берген жандардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, олар құқық  қорғау органдары алдында жауап беретін болады. Яғни, заңсыз қарағай кесу немесе аң аулаудан бұрын оның соңы немен аяқталатындығын ойланған абзал.

 

Орманшылар жыл бойы өз міндеттеріне сай орманды алқаптарды өрт қауіпсіздігінен сақтап, бұл бағытта біршама шаруалардың басын қайырды. Өрттің алдын алу шараларын ұйымдастырып, төтенше жағдайларды болдырмауға әзірлік жұмыстарын жүйелі жүргізді.

Солай бола тұра кейде ормандықтар тілсіз жаудың құрбанына айналып отырған сәттер де жоқ емес. Оның басты себептерінің бірі адам факторы екендігі де даусыз. Биыл ормандықтарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитарлық қағидаларды бұзған екі жағдай тіркеліп, айыптыларға 99100 теңге айыппұл салынып, әкімшілік жаза қолданылды.

 

Соңғы кездері екінің бірі аңшылықгы әуес көріп, онымен айналысуды «модаға» айналдырды. Әрине біреулер үшін ол шынымен әуестік болар, демалудың бір үрдісі саналар, енді біреулер үшін күнкөрістің түрі болғандай. Әсіресе хайуанаттар әлеміне көз салушылар мен қол сұғушылардың көбейгендігі де жасырын емес. Әрине заңсыз жолмен аңның етін жегісі келетіндер көбінесе қарапайым халық емес, ірі лауазым иелері екендігін де білеміз. Қызмет бабын пайдаланып, халық байлығына қол сұғушылар, бабалар аманатына қиянат жасағандықтарымен қоймай, заңды да белшесінен басып, тіпті кейде жазадан да құтылып жататындары да бар. Дей тұрғанмен заңның құрығы ұзын, бірде болмаса бірде «дөп» тиері анық.

Әлбетте кейде әуесқой немесе кәсіби аңшылардың да заңды белшесінен басатын кездері кездесіп қалады. Мәселен, аудандық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесіне қарасты орман шаруашылығының мамандары жақында осындай екі жағдай бойынша айыптылардың ісін аудандық ішкі істер бөліміне тапсырды. Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық Кодексі бойынша хайуанаттар әлемін пайдалану талаптары мен аңшылық заңдылықтарын бүзған аңшылардан екі мылтық мәселе түбегейлі шешілгенше тартылып алынды. Айта кететін нәрсе, жалпы көлемі 259,715 гектар алқапты алып жатқан аудандық орман шаруашылығы төрт орманшылық шағын шаруашылыққа бөлініп, оның құрамында он екі шеберлік учаскелері бар. Ол шаруашылықтарды басқаратын төрт жетекші жэне шеберлік учаскелеріндегі он екі шебер инженер мамандардың көмегі мен бағыт-бағдарына сүйеніп, 56 орманшы-қорықшының жұмысын үйлестіріп келеді. Бұл әрине оңай шаруа емес. Орман шаруашылығының аумағы тікұшақпен де күзетіледі. Бұл өртке оранған жерлер мен табиғат қорғау заңдылықтарын бұзғандарды анықтаудың тиімді бір жолы деуге болады. Өткен аптада осындай көктен тексерілген рейдтің құрамында болып, өзіміз де біраз жағдайға қанық болдық. Құрамында «Қазавиорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесінің бас директоры Төлеуғазы Сексенбаев, осы мекемеге қатысты оңтүстік авиазвеносының командирі Жанат Мамбаев, аудандық орман шаруашылығы орман күзету инженері Марс Аппазов және аңшылық жөніндегі маман Рустәм һезимов, аудандық аңшылық шаруашылықтарының бірін басқарып отырған Һашим Имиров, аудандық ішкі істер бөлімі лицензиялау және құрал айналымын бақылау тобының инспекторы Сырым Серікболов және осы жолдардың авторы қатысқан рейд күні бойы жалғасып, тікұшаққа мемлекет қоржынынан берілген қаржы толық игерілді деуге болады.

 

Шонжы-Қалжат тас жолы бойындағы «Мираж» демалыс аймағына жиналған рейд мүшелерін көкке көтерген тікұшақ алдын ала жасалған маршрут бойынша «Адал» аңшылық шаруашылығының аумағынан басталды. Қарадаланы аралай төмендеп, Іле өзенін өрлей ұшқан тікұшақ иллюминаторынан «Тойота» автокөлігін байқадық. Оның үстінен бір айналып жерге қонған қанатты көліктен қарғып түскен полиция қызметкері мен орманшы мамандарының ізімен біз де көлік тоқтаған жерге жеттік. Аудан тұрғыны С.С.ға аумен балық аулаудың тәртібі мен ережесі жайлы түсінік берілгеннен соң тікұшақ әуеге қайта көтерілді. Өзенді бойлай ұшқан тікұшақ Кетпен тауларын аралап, Ақтам ауылында жиналған орманшылармен кездесіп, Төлеуғазы Төлеубайұлы олардың күнделікті жұмыстарымен жақыннан танысты. Табиғат күзетінде жүрген орманшылардың қиын да аса жауапты жұмыстарына өз бағасын берген бас директор бұл істің болашақ ұрпақ үшін аса құнды екендігін айтып, әріптестеріне табыстар тіледі.

Тағы да көкке көтерілдік. Қарадала төсімен төмендеп, Бахар ауылының үстімен Сарытоғай ерен тоғайы мен оның айналасын аралап баяу сырғып ағып жатқан Іле өзені жағына қарай бет бұрдық. Тікұшақтың құлақ жарардай шуын елемей, жан-жақты бақылап келеміз. Тағы бір шетел көлігінің аңшылық құрып шыққандығын байқаған соң, төмендеп, олардың құжаттарын қасымыздағы тиісті құзырлы орган қызметкерлері тексеріп, бәрінің заңды түрде екендігіне көз жеткізген соң маршрутты қайта жалғастырдық. «Олжа бастау» аң шаруашылығының аумағын аралау барысында, биіктегі бақылаудан өзен бойында тұрған жол таңдамайтын шетел көлігі көзге ілінді. Аудан тұрғыны Б.К.ның қолындағы ұзындығы 50 метрлік балық ұстайтын торды тәркілеген мамандар, арнайы құжат толтырып, акт жазып балықшыға балық аулаудың ережелері мен тәртібін түсіндірді. Осы жерде айта кететін тағы бір маңызды нәрсе жоғарыдағы адамдардың көліктерінде заңсыз ұсталған балық болмады. Өзенді жағалай жоғары көтерілгенде «КАМАЗ» жүк көлігіне отын басып жатқан бір топ жігітті байқадық. Олардың да отын алуға рұқсаттары болып шықты. Заң бұзушылық байқалмады. Рейдті тамамдап, кешке қарай «Мираж» демалыс аймағына келіп қондық.

«Қазавиаорманқорғау» мекемесінің бастамасымен ұйымдастырылған рейдтің қорытындысын жасаған аталмыш мекеме басшысы Төлеуғазы Сексенбаев бұл шараның қылмыстың алдын aлy және табиғат байлығын бүлдіруге жол бермеу мақсатымен өткендігін айтып, экипаж және рейдке қатысқан барлық азаматтарға ризашылық сезімін жеткізді. Айлық жалақыларының аздығына қарамастан халық байлығы күзетінде жүрген орманшылардың жұмыстарына табыстар тілеп, өз кезегінде мекеме тарапынан мүмкіндігінше көмек көрсетілетіндігіне сенім білдіріп, осындай рейдтердің жиі ұйымдастырылуына мұрындық болатындығын да баса айтты.

Табиғатты баға жетпес байлыққа теңейміз, ал оның қорғалуы мен сақталуына келгенде салғырттық танытып  жататынымыз да жасырын емес. Әр адам орман мен қорықтардағы аң-құстардың, тал-теректің көбеюіне, өсіп-өнуіне себепкер болып отырса нұр үстіне нұр. Өйткені болашақ ұрпақ алдында бабадан қалған енсіз байлық табиғаттың құрып кетпеуі бүгін біздің қолымызда болса, ертең балалар сол дәстүрді жалғап, өз ұрпағына жеткізуі үшін де мақсатты жұмыс керек-ақ. Рейдтің де діттегені осы болатын.

Махмут ИСРАПИЛОВ, Қарадала тынысы нәпәси №46 2015 ж.

Популярные новости


г.Алматы, ул. Керей-Жанибек хандар 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45, e-mail: info@aviales.kz
Наверх