КӨКЖАЙЛАУ ШАТҚАЛЫНДА «АЛАУ-2023» ӨРТ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

Әртүрлі күрделілік санаттағы тау-орман өрттерін жоюға қатысатын күштер мен құрылымдардың дайындығын тексеру мақсатында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Көкжайлау шатқалында «Алау-2023» өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті,-деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Жаттығудың жоспарына сәйкес, өрт Көкжайлау шатқалының оңтүстік-батыс беткейінде шықты. «Қазавиаорманқорғау» РМҚК бақылаушы ұшқышы өртті анықтағаннан кейін дереу радиодиспетчерлік қызметке хабарлайды. Өрт туралы хабарламаны алғаннан кейін, Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік қызметінің іс-қимыл алгоритміне сәйкес, орман шаруашылығы өкілдеріне көмек көрсету мақсатында, шақырту орнына барлық қажетті қалалық қызметтер мен авиация жіберілді.

Желдің екпіні салдарынан өрт аумағы ұлғайып, демалушы туристерге, сондай-ақ өрттің Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орман алқабына таралуына және демалушы туристердің өміріне қауіп төнді.

Орман шаруашылығы өкілдеріне көмекке өрт-құтқару бөлімшелері, сондай-ақ ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ (МИ-8) су ағызатын құрылғылармен жабдықталған тікұшақтары келді. Шартты өрт ошағына тікелей бірнеше мақсатты су ағызу жүргізілді.

Оқу-жаттығуға барлығы 147 адам, 28 бірлік мамандандырылған техника, 2 квадрокоптер және 2 әуе кемесі, 6 жылқы, 2 іздестіру иттері жұмылдырылды.

Бірлескен оқу-жаттығулардың басталуына дейін қойылған мақсаттар мен міндеттер орындалды.

Самат Асайынов,

Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

-Өрт сөндіру кезінде авиацияны пайдалану қол жеткізу қиын таулы аймақтарда өртті сөндіруде жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Аталған оқу-жаттығулардың мақсаты қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарына жедел ден қоюды пысықтау, сондай-ақ таулы-орман алқаптарындағы өртті жою, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай аймағынан зардап шеккендерді эвакуациялау болып табылады.

Дархан Исабеков,

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Бас директорының орынбасары:

-Көкжайлау шатқалы 2022 жылы ақпан айында ҚР Үкіметінің қаулысымен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қайтырылған. Шатқалға сенбі-жексенбі күндері қала тұрғындары мен қонақтары, туристер, демалушылар саны күрт көбейеді. Жаз айларында демалыс күндері бес-алты мыңға жуық адам келеді. Сондықтан бүгінгі оқу-жаттығу шарасын осы жерге арнайы таңдадық.

Іле Алатауы өрт қауіпсіздігі кезеңі бойынша 4 сыныпқа көтерілді. Сондықтан, алдын-алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Бақылау-өткізу бекеттерінде парақшалар таратылуда және төтенше жағдай департаментімен бірге сенбі-жексенбі күндері рейдтік іс-шаралар атқарылып жатыр.

Бауыржан Төлепбергенов,

«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімшесінің басшысы:

-Таудағы орман өртінің алдын-алу авиациялық техника күшімен бақыланады. Іле Алатауы еліміздегі  ең үлкен мегаполиске жақын орналасқан табиғи орта болғандықтан, мұнда орман өрті жиі тіркеліп жатады. Оның басты себебі-адами факторлардың әсерінен.

Қазір тауда да, дала да демалушылар көбейген. Әсіресе, тауда орман өрті бола қалса, онымен күрес өте ауыр. Таудың тік беткейлеріндегі орман өртіне жерден техника жеткізу мүмкін емес. Ондай жағдайда тікұшақ көмегіне жүгінеміз. Біздің 45 жылдық авиациялық мектеп - осы қиындықтарды еңсеруге күш салып келеді. Бүгін мамандарымыз оқу-жаттығуында өз жұмыстарын толық атқарып шықты.

Атап өту қажет, аудан әкімдіктерімен құрғақ өсімдіктердің жануының алдын алу шараларының арқасында бүгінгі таңда 100,4 шақырым минералданған алқаптар құрылды  және жалпы ауданы 250 Га құрғақ өсімдіктерді шабу жүргізілді.

2023 жылғы 1 мамырдан бастап ТЖД ЖПҚ, МҰТП - мен бірлесіп 39 рейд жүргізді, 3 өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың жолын кесті, жалпы сомасы 103 мың 500 теңгені құрайтын айыппұл түріндегі ӘҚ туралы ҚР 367-бабы бойынша 3 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына таулы-орманды алқаптарға барғанда өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауды және:

- тамақ жасау үшін арнайы ас пісіру құрылғыларын қолдануды;

- темекі шекпеуді, тұтанған сіріңке және темекі қалдықтарын тастамауды;

- майланған, бензинге немесе басқа жанғыш заттарға малынған тазалағыш материалдарды орманда қалдырмауды;

- күн сәулесімен тез тұтанатын бөтелкелерді, шыны сынықтарын, басқа тұрмыстық қалдықтарды қалдырмауды және шөптің үстіне от жақпауды ұсынады.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

https://kazgazeta.kz/news/138706

Популярные новости


г.Алматы, ул. Керей-Жанибек хандар 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45, e-mail: info@aviales.kz
Наверх