«Қазавиаорманқорғау» ұшқыштары табиғи аумақты қорғауға бағытталған әуе жұмыстарын орындады
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімі Алматы мемлекеттік табиғи қорығымен бірлесіп орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қажетіне қарай ұшу сапарын орындады. Бұл туралы kazgazeta.kz тілшісі хабарлайды.
Осыдан 92 жыл бұрын құрылған Алматы мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері бүгінде тұмса табиғатты сақтап қалуда тынымсыз еңбек етіп келеді. Қорғалатын аумақ таудың ең қиын, күрделі санатына жатады. Кейбір ғылыми-зерттеу жұмыстарына «Қазавиаорманқорғау» РМҚК бақылаушы-ұшқыштарының көмегі аса қажет.
Жыл сайын жаз мезгілінде қорық қызметкерлері апталап Шелек өзені бойындағы тау сілемдеріндегі жан-жануарларға санақ жүргізіп, оларды таспаға түсіріп, жүретін жолдарына фототұзақтар орнатады. Сондай жұмыстардың кезекті тапсырмасын қорықшылар «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімінің тікұшағы көмегімен жүзеге асырды. Тікұшақ қорықшыларды және олардың техникалық заттарын Шелек өзенінің бастауындағы аңғарға жеткізіп, алып-қайту шараларын сәтті орындады.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімінің басшысы Бауыржан Төлепбергенов мұндай шаралар орман ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау және қорғау бойынша жүзеге асырылатын жұмыстар екенін және Орман шаруашылығы жәнежануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасы негізінде жүзеге асатын жауапты шара екенін баяндап берді. Сонымен қатар, аталмыш әуе қызметінің шарасында таудағы орман өрті жағдайды да қоса бақыланды. Әрі бұл әуе жұмысындағы тікұшақ құрамында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК әуе десантшылары да болды. Олар таудағы төтенше өрт жағдайына бейімделген жеке құрам. Сондықтан, бұл әуе сапары орман қорын қорғауға және ондағы жануарлар дүниесін бақылауға, қорықшыларды тасымалдауға жағдай жасады.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК бақылаушы-ұшқыштары әуеге көтерілді.
Егіздер шыңы, Іле Алатауы.
Қаныш Сәтбаев шыңы, Іле Алатауы.
Найзақара шыңы, Іле Алатауы.
Жастар шыңы, Іле Алатауы.
Алматы шыңы, Іле Алатауы
Есік көлі мен шатқалы.
Солдатсай шатқалы, Іле Алатауы.
Талғар шыңы-Іле Алатауының ең биік нүктесі
Жасылкөл, Түрген. Іле Алатауы. Асы үстірті.
Күнгей Алатауының таулары көрінді. Бұл таулар Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіреді.
Шелек өзенінің аңғары. Таулар тік жартастардан тұрады.
Тікшұшақтың Шелек өзенінің аңғарына қонған сәті.
Қорықшылар таудағы апталық жұмысын аяқтап, үйлеріне қайтты.
Талғар шыңы мен Орта Талғар шатқалы.
Тікұшақ қорықшыларды Талғар бекетіндегі алаңға жеткізді.
Олар Алматылық авиабөлімге сәттілік тіледі.
Сапар аяқталар тұста Медеу шатқалының әдемі көрінісі кадрға ілінді.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Алматы облысы.