Алматы облысында жоғары өрт қаупі сақталады
Алматы облысының аумағында жоғары өрт қаупі сақталады. Осыған орай облыс аумағындағы орманды дала мен таулы аймақтардың өрт қаупсіздігін сақтау жұмыстары авиацялық техника көмегімен жіті бақылануда, деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.
Қазгидрометтің болжамы бойынша өрт қаупі күздің салқын күндеріне дейін жалғасады. Сондықтан еліміздің орман қорларындағы өрт қауіпсіздігін сақтауда «Қазавиаорманқорғау» РМҚК ұшқыш-бақылаушылары әуеден бақылау жұмыстарын күшейткен. Аталмыш мекемеге қарасты Алматы авиабөлімшесінің қызметкерлері Алматы облысының Іле өзені бойындағы орманшылықтар мен Іле Алатауы, Күнгей Алатауы, Кетпен тау жоталарындағы орман алқаптарын тікұшақ және ұшақ көмегімен бақылау жүргізуде.
Авиабөлімшенің басшысы Бауыржан Төлепбергеновтың айтуынша, облыста өрттің аса жоғары қауіпті класы сақталуда. Демек, жасыл-желекке төнетін қауіптің алдын алу жұмыстары күніне әуеден 2-3 рет бақылауды қажет етеді. Бұл ретте сала мамандары ұшу-бақылау жұмыстарын жүйелі жүргізуде екен. Алда-жалда төтенше өрт жағдайы шығып қалса мекеменің әуе десантшылары да дайындықтарын пысықтаған. Олар жерден көмек жеткенше тікұшақпен өрт ошағына жетеді және сөндірілуі қиын, тау-тасты, құлама жартасты жерлерде өртпен күреске дайындалған. Десек те, алапат өртте аталмыш мекеме тікұшақпен су себу жұмыстарын негізге алады. Бұл тұрғыда олар үнемі бірлескен әуе жаттығуларын жүргізеді.
Өрт қауіпті маусымда орманда тыйым салынады:
-Орман күзеті көрсетілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде от жағуға;
-Бөтелкелерді, шыны сынықтарды және басқа қоқыстарды қалдыру;
-Темекіні, жанып жанып жатқан сіріңкені тастауға;
-Техникамен ұшқын өшіргішсіз орманға бару.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суретті түсірген автор