ОРМАНДЫ ҚОРҒАУ-ОРТАҚ МІНДЕТ
Алматы облысында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мен Бақанас орман шаруашылығының орман қорғау инжинері және БАҚ қызметкерлерінің қатысуымен авиациялық рейд өтті. Шара қорғалатын аумақ бойынша табиғатты пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау және табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.
Авиациялық рейд «Dala air» әуе компаниясының биыл ғана сатып алған жаңа Airbus As-350 тікұшағының көмегімен жүзеге асты. Тікұшақ командирі Владислав Колейников байтақ дала Бақанас аспанында екі сағаттан астам авиациялық рейд жұмыстарын сәтті атқарды. Оның бұл салаға келгеніне 5 жылдан уақыт асқан. Тәжірибелі ұшқыш As-350, Bo-105, Bell-206 тікұшақтарына маманданған. Ол Бақанас, Қаскелең, Күрті орман шарушалығының аумағын «Қазавиаорманқорғау» РМҚК ұшқыш-бақылаушысымен бірге әуеден күзетеді.
Жаздың соңғы күндері дегенімізбен Іленің бойында әлі де көктем секілді. Дегенмен аптап ыстық әлі бар. Бұл өрт қауіптілігінің жоғары санатын көрсетеді.
Дарияның әрі шетінде шатырын тіккен демалушылар мен қармағын салған балықшыларды көрдік көктен. Сондай бірнеше жерге қонып, орманшылар авиациялық рейд негізінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өйткені, Бақанас орман шаруашылығының аумағында жоғары өрт қауіпі кезеңі сақталып отыр. «Ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың аумақтары мен белгіленбеген жерде от жаққаны үшін Орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 367-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салуға құқылы екенін айта кеткен жөн.
Жасұлан СӘТБАЕВ,
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиация бөлімінің ұшқыш-бақылаушысы:
-Биыл біз бақылайтын Алматы облысындағы орман қорының аумағында 15 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың басым көпшілігі адами фактілердің нәтижесінде орын алған. Сондықтан бірлескен рейдтік шарада Іленің жағасындағы демалушылар мен тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау мен орман ағаштарын, жан-жануарлар дүниесін қорғау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Авиациялық рейд аясында орман шаруашылығының аумағында өрт оқиғасы және тәртіп бұзушылық тіркелмеді.
«Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиация бөлімінің қызметкерлері ауа райы жағдайлары мен тәуліктің уақытына қарай күніне үш реттік аэровизуалды тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Әр ұшу сапарында біздің жедел әрекет етететін әуе десантшыларымыз өздерінің құрал-саймандарымен бірге ұшады. Себебі, орман қорында енді басталып жатқан өртті сол сәтте ауыздықтау үшін, жерден көмек жеткенше өшіру, таралуына жол бермеу жұмыстарын орындайды.
Еламан ИСАТАЙ,
Бақанас орман шаруашылығының орман қорғау инжинері:
- Авиациялық рейд жұмыстарында өзім қызмет ететін Бақанас орман шаруашлығының аумағын әуеден аралап, орман қорын бақылау, халыққа орман қорында ағаш кеспеу, өрт қауіпсіздігін сақтау жұмыстарын түсіндірдік. Біздің орманшылықтың жер көлемі-1 218 749 га аумақты алып жатыр. Оның ішінде орманмен көмкерілген-755 080 га жер бар. Негізінен төрт орманшылықтан тұрады. Олар Бақанас, Ақкөл, Көктал, Қарой. Биылдықта Бақанас орманшылығындағы орман қоры жерінде өрт болған жоқ.
Осы жылы жоспарланған 260 га жердің 130 гектарына минералдық жолақтарды жаңарттық, қалған 130 га күз мезгілде жаңартылады. 41 аншлаг пен 14 ақпарттық панно алынып, орман қоры жеріне орнатылды.
Қазір біздің орманшыларға ауылдық аймақ тұрғындарынан 49 адам ерікті орман өртін сөндіруші қызмет көрсетуде.
Орман өрті флораны ғана емес, онда мекендейтін фаунаны да жояды. Сондықтан тілсіз жауды болдырмау – әрбір азаматтың парызы. Сонымен қатар, ерекше қорғалатын аумақта заңсыз ағаш кесіп, аң-құстарын ату фактілерінің алдын-алу жұмыстары да орман қызметкерлерінің жауапты міндеті. Сондықтан, олар үнемі бірлескен рейдтік шараларды жүргізіп тұратындарын жеткізді.
Өрт қауіпті маусымда орманда тыйым салынады: Орман күзеті көрсетілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде от жағуға; Бөтелкелерді, шыны сынықтарды және басқа қоқыстарды қалдыру; Темекіні, жанып жанып жатқан сіріңкені тастауға; Техникамен ұшқын өшіргішсіз орманға бару.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Жиделі тоғай Күріш алқабы
Миялы ауылы
Бақбақты ауылының көріністері
Желтораңғы ауылының көрінісітері
Балқаш ауданы, Алматы облысы.
https://kazgazeta.kz/news/141644