Көрікті Көлсай
Көлсайды көктен түсірген сурет көргенсіз бе? Ендеше, kazgazeta.kz тілшісінің ұшақ терезесінен түсірген суреттерін тамашалауға кеңес береміз.
Көлсай - Алматы облысындағы ғана емес, Қазақстандағы ең көрікті туристік орын. Көлсайда биіктік белдеулеріне қарай үш көл орналасқан. Жоғарғы Көлсай теңіз деңгейінен 3000 м-ге жуық, Орта Көлсай 2600 м және Төменгі Көлсай 2130 м биіктікте орналасқан. Төменгі Көлсайдың су айдыны басқаларына қарағанда үлкен және көлікпен жетуге болатын орын. Көлсай көлдерінің табиғаты әсем тау шатқалымен жалғасады.
Көлсай көлдері ұлттық паркінің тағы бір кереметі - Қайыңды көлі. Алматы облысындағы сел көшкіні жылжығанның нәтижесінде бір ғасыр астам бұрын пайда болған көл. Алматыдан шығысқа қарай 280 шақырым жерде қарағайлы мен жапырақты ормандармен жабылған Күнгей Алатауында орналасқан. Дәл қазіргі уақытта Қайыңдының айнала шеті алтын күздің ғажайып түсіне боялған.
Көлдердің төңірегін шырша, қарағай, қайың, т.б. тау ағаштары мен шалғындары көмкерген. Осы сұлулықты бізге әуеден Алматылық «Қазавиорманқорғау» мекемесінің авиациялық тобы көрсетті. Мекеме Алматы облысындағы таулы және далалы аймақтардың орман қорын өрттен қорғауға бағытталған жұмыстар жүргізеді. Биыл ұшқыш-бақылаушылар Көлсайден 1 орман өртін анықтап, парк қызметкерлерімен бірлесіп, дер кезінде ауыздықтап үлгерген.
Суреттерді түсірген - Досжан Балабекұлы