Үлкен Алматы таулы аймағында өрттің алдыну алу бойынша оқу-жаттығу өтті

 
 
Көк майсаның үстінде бүгін кезекті оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Төтенше жағдайларға төселгендер таулы аймақтарда өртті болдырмау шараларын пысықтады. 
Бүгін Үлкен Алматы шатқалында таулы жерлердегі өрттің алдын алуға байланысты оқу-жаттығу өтті. Жиынға Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері, ұшқыштар мен дәрігерлер қатысты. Мамандар таудағы өрт сөндіру тәсілдері мен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша дайындықтарын тексерді.
Ұлан Нарынбек, тілші  
-Көк көтеріліп, жер дегдіген соң, табиғатқа шығып саяхаттаушылардың қатары көбейеді. Демек өрттің қаупі де күшейе түседі. Сондықтан жылдағы дәстүр бойынша дайындықты бір пысықтап алу маңызды.
Таулы аймақта өрт сөндіру өте қиын. Ең бастысы тілсіз жауды дер кезінде анықтау маңызды. Білікті мамандардың айтуынша, тілсіз жаумен күресуден гөрі оның алдын алған анағұрлым тиімді. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарына да басымдық беріледі. Парк басшылығы биыл тағы бір жаңалық енгізіп отыр.
Марлен Айнабеков, Іле-Алатау МҰТП Бас директоры
-Адам бұрынғыдай келіп мангалын қойып, отыра алмайды. Әдейі орындар болады. Оған біз қазір мына үгіттеу жұмыстарын жасап жатырмыз халықпен. Үлкен Алматы шатқалында мысалы 7 орынды белгілеп отырмыз. Ол жерде қазан-ошақтан бастап ағаш отынына дейін дайын.
Тәртіпке бағынбағандар жауапкершілікке тартылады. Арнайы орыннан басқа жерде от жақсаңыз, 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Орман күзету инженерлерінің қоржынында дәрі-дәрмек те жүреді. Саяхатшының басы ауырып, аяғын шығарып немесе басқа да жарақат алса, алғашқы медициналық жәрдем көрсететін де осылар.
Саят Жиғанбай, орман күзету инженері 
-Менің практикамда қолы, аяғы сынған болған жоқ. Бірақ жаңағындай күйік шалған жағдайлар болды. Сол кезде өзіміздің аптечкамыздағы дәрі-дәрмекпен бірінші медициналық көмекті көрсетеміз.
1 сәуірден 10 қарашаға дейін Алматы облысында өрт қаупі жоғары кезең саналады. Былтыр паркте ірі өрт болған жоқ. Орманшылар осы жылы да тыныш болса деген тілекте.
Ұлан Нарынбек, тілші
-Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі 200 мың гектарға жуық аумақты алып жатыр. Ені – 30, ұзындығы 120 шақырым болатын парктегі өсімдіктер мен жануарлар әлемінің қаз-қалпында сақталуына бар-жоғы 500 адам жауапты. Сондықтан көркем табиғат көркейе түссін десек, әрқайсымыздың атсалысқанымыз абзал.

Авторлдары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев

Популярные новости


г.Алматы, ул. Керей-Жанибек хандар 259
Тел.: +7 (727) 271-81-45, e-mail: info@aviales.kz
Наверх